Құрбандық 2024

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَر
«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал».
(Кәусар сүресі, 2-аят).

Жиі қойылатын сұрақтар

Тапсырыстар мен өтініштер  маусым айының 30-ы сағат 12:00-ге дейін қабылданады.

Сайттың басты бетінде «Құрбандық шалынғандығы туралы мәлімет» деген батырманы басып, тапсырыс берген телефон нөміріңізді қайта жазыңыз. Сонда Өзіңізге қажетті толық ақпаратты ала аласыз.

Иә. Бірақ тапсырыстар мен өтініштер түнгі уақытта қаралмайды.

Онлайн құрбандық тапсырысы тек облыс орталықтары бойынша қабылданады. Сондықтан өзіңізге жақын аймақты таңдаңыз.

Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз.

Ондай жағдайда Өзіңіздің өңірдегі call-орталыққа хабарласып, whatsapp арқылы немесе поштамен төлем түбіртегін жіберіңіз.

Төлем тек онлайн қабылданады.

Жоқ. Егер қате жіберсеңіз қайтадан өтініш жіберіңіз.

Болмайды. Өтінішті тек бір рет жібере аласыз.

Шалынған құрбандық еттері толықтай мұқтаж жандарға таратылады.

Құрбан шалу құрбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 28  маусымнан 30 маусымға дейiн.

Қой мен ешкіні бір адамның атынан ал сиыр мен түйе болса 7 адамға дейін бірігіп шалуына болады.

Онлайн тапсырыс негізінде құрбан шалынатындықтан, құрбан шалу рәсіміне қатыса алмайсыз.

Әрине болады. Ол үшін тапсырыс бергенде құрбан шалдырушының аты-жөні деген жолаққа жазасыз.

Құрбандығыңыз шалынған соң сізге, тапсырыс беру кезінде Құрбандық есебі қажет деп белгілеген жағдайда Whatsapp желісі арқылы есебі келеді

Құрбандыққа қатысты сұрақ-жауап

Құрбан – араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу[1].

Құрбан шалудың мән-мағынасы туралы Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді:

لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ

«Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер»[2].

Аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше, Раббының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Құдай Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік  ақыреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.

Алла Тағала жануардың қанының аққанына, оның еті мен терісіне мұқтаж емес. Қасиетті аятта айтылғандай, Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды:

لَنْ يَنَالَ اللَّهَ لُحُومُهَا وَلَا دِمَاؤُهَا وَلَٰكِنْ يَنَالُهُ التَّقْوَىٰ مِنْكُمْ

«Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»[3].

Расында да, Құдай Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

 

[1] Радду әл-мухтар, 9/452.

[2] «Әл-Имран» сүресі, 92-аят.

[3] «Хаж» сүресі, 37-аят.

Құрбан шалу құлшылығы адамды ақыретте сый-сыяпатқа, мол сауапқа кенелтеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

ما عمل ابن آدم يوم النحر أحب إلى الله من إهراق الدم، وإنه ليؤتى يوم القيامة بقرونها وأشعارها وأظلافها، وإن الدم ليقع من الله بمكان قبل أن يقع بالأرض، فطيبوا بها نفسا

«Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»[1] – деген.

Тағы бір хадисте:

بكل شعرة حسنة

Құрбандыққа шалынған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылатыны айтылған[2]

Құрбан шалу Алланың берген нығметіне шүкіршілік етуді білдіреді. Алланың берген нығметі өте көп, оны санап санына жете алмайсың. Алла Тағала Құранда:

وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لا تُحْصُوهَا

«Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар»[3] - дейді. Иман, құлшылық, есту, көру, мал-дүние, бала-шаға – бұның барлығы Алланың берген нығметі. Бұл нығметтер жалғасымды болуы үшін оның шүкіршілігін білдіру қажет. Алланың берген нығметіне шүкіршілік етудің бір жолы Алла жолында мал-дүниені жұмсау. Құрбандық шалу – Аллаға шүкіршілік етудің бір көрінісі.

Құрбан шалу арқылы Алланың әміріне бойұсынуды және сабырлықты үйренеміз. Ибраһим мен Исмайыл пайғамбардың Алланың әміріне бойұсынғанын әрі бекем тұрған оқиғасын еске алар болсақ, олардың Аллаға деген бойсұнуы мен махаббаты барлық нәрседен жоғары тұрғанын байқаймыз. Әрине бұл Алланың әміріне бойұсынуымызға ынталандырады әрі сабырлы болуға жігерлендіреді. 

Құрбандық етінен отбасына, жақын туыстарына, көршілеріне, достарына және мұқтаж жандарға үлестіру мұсылмандардың арасында махаббат пен сүйіспеншілікті арттырады. Бір малын қиып, кедей және мұқтаж бауырларына жәрдем беру арқылы жаман қылықтарын бауырмалдық, жомарттық, кішіпейілдік секілді жақсы қасиеттермен алмастырады. Шариғатымызда мұндай істерді істеу талап етіледі әрі жақсы саналған амал саналады.

 

[1] Термизи риуаяты.

[2] Ибн Мәжә, №3118.

[3] «Ибраһим» сүресі, 34-аят.

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу муқим (жолаушы емес), жағдайы бар[1], азат мұсылман адамға міндет болады[2].

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!»[3] – деп бұйырды.  Бұл жердегі бұйрық рай уәжіп (міндет) үкімін білдіреді. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) міндеттелген нәрсе, үмметіне де – міндет. Өйткені ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне үлгі ретінде жіберілген[4].

Сондай-ақ, Алла Тағала былай дейді:

... وَيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ فِي أَيَّامٍ مَّعْلُومَاتٍ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۖ فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ

«... сондай-ақ, Алланың өздеріне ризық етіп берген малды белгілі күндерде Алланың атын атап, құрбандыққа шалсын. Сөйтіп, құрбандыққа шалынған малдың етінен өздерің де жеңдер, пақырлар мен кедейлерге де жегізіңдер»[5].

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу – Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар»[6], – деп жауап берген.

Ханафи фиқһ ғалымдары бұл бұйрықтың мұсылман үмбетіне де қатысты екенін айтып, құрбан шалуды уәжіп (міндетті құлшылық) ретінде қарастырған. Бұны Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

مَنْ وجدَ سَعَةً فلَم يُضَحِّ فلا يَقْرَبنَّ مُصَلاَّنا

«Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын»[7], – деп қатаң ескерткен.


[1] Бүгінде «жағдайы бар адам» деп өз қажетінен артық 1 млн 437 мың теңге ақшасы бар, немесе 40 қой (ешкі), сосын яки 30 ірі қара мал яки 5 түйеге ие кісіге айтылады. 

[2] Жәуһара нәйира, 5/478.  

[3] Кәусар сүресі, 2-аят.

[4] Бәдаиғ ас-санаиғ, 10/245.

[5] Хаж сүресі, 28-аят.

[6] Ибн Мәжә риуаят еткен.

[7] Ибн Хажар әл-Асқалани риуаят еткен.

Негізінде әрбір іс міндетті түрде ниет етумен басталады. Кейбір ғибадаттарда нақты ниет етілмесе, көзделген мақсат орындалмай, жай бір әрекет болып қалуы мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إنما الأعمال بالنيات، وإنما لكل امرئ ما نوى

«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады», – деген[1].

Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт табылу қажет: сау мал болу, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Ниетті тілмен айту шарт емес, көңілде ниет етудің өзі жеткілікті. Құрбандық малын сатып алғанда, біреуге тапсырыс бергенде немесе оны өзі бауыздаған кезде құрбандық ғибадатын ниет етумен шарт орындалады.

Құрбан шалғанда былай ниет ету сүннет: «Бисмилләһи, Аллаһу акбар! Уа, Жаратқан Ием! Мына құрбандықты Сен маған рызық етіп бердің. Мен оны Сенің разылығың үшін құрбан етемін. Бұл құрбандықты менен қабыл ет!». Басқа сөзбен айтса да, немесе «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп қысқа қайырып қойса да болады. 

Жабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): 

شَهِدْتُ معَ رسولِ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ الأَضحى بالمصلَّى، فلمَّا قَضى خطبتَهُ نزلَ من منبرِهِ، وأُتِيَ بِكَبشٍ فذبحَهُ رسولُ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ علَيهِ وسلَّمَ بيدِهِ، وقالَ: بسمِ اللَّهِ واللَّهُ أَكْبرُ، هذا عنِّي، وعمَّن لَم يضحِّ من أمَّتي

«Мен Алла Елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге мешітке барып құрбан айт намазына қатыстым. Сонда ол құтпа оқып болған соң мінберден түсті. Бір қошқар әкеліп, «Бисмилләһи, Аллаһу акбар, бұл құрбандықты менің және құрбандық шалмаған үмметімнің атынан қабыл ет» – деп, қойды қолымен бауыздады», – деді[2]

Қайткенде де ниет құлшылық етушінің санасын бөтен ойдан таза ұстап, дене қимылы мен ақыл-ойының біртұтастығына жетіп, ғибадатын ықыласпен атқаруға мүмкіндік береді. 

Осы орайда, құрбандық ғибадатында ниеттің маңыздылығын көрсететін мына мысалдарға тоқталып өтсек:

1. Қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.

2. Кедей адам құрбандық шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Ниет етіп алған құрбандығын шалмаса әрі құрбан шалу уақыты өтіп кетсе, дәулетті адам секілді ұқсап садақа етіп беруге міндетті болады.

3. Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені, иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады[3].

4. Бір кісіден жеті кісіге дейін бірігіп, сиыр не түйе шалғанда, олардың әрқайсысы құрбандықты ниет етулері тиіс. Араларындағы біреуі соғым немесе жәй ет алу ниетімен қатысса, ешбірінің үлесі құрбандыққа есептелмейді[4]


 [1] Бұхари риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] Әл-муфассал фил-фиқһ әл-ханафи, 217.

[4] Фәтауа Һиндия, 5/351.

Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. 

Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.

Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Олар өздерін құрметті адам ретінде сезіне бастайды.

Сондықтан, құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. 

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла Елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[1] деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу болу керек.

2. Кемшілігі жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

أربع لا تجوز في الأضاحي العوراء البين عَورُها والمريضة البين مرضها والعرجاء البين ظَلَعُها والكسيرة التي لا تُنْقِي

«Төрт мал құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық белгілі, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар», – деген[2].

Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе құлағы тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шала береді. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді[3].

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

3. Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт[4]. Бір жасқа толмаған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Дегенмен сақтық ретінде бір жасқа толған қойды шалған абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

لا تَذْبَحُوا إلَّا مُسِنَّةً، إلَّا أنْ يَعْسُرَ علَيْكُم، فَتَذْبَحُوا جَذَعَةً مِنَ الضَّأْنِ

 «Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар», – деген[5][6]. 


 [1] Әбу Дәуіт, Мүслим, Тирмизи риуаят еткен.

[2] Әбу Дәуіт, Нәсаи, Тирмизи риуаят еткен.

[3] Фәтауа Һиндия, 5/344.

[4] Радд ул-мұхтар, 2/321.

[5] Мүслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи риуаят еткен.

[6] «Мусинна» – ол бес жасар түйе, екі жасар ірі қара мал немесе бір жасар қой. Ал «жазаға» деп бір жасқа толмаған қойға айтылады.

1. Құрбандыққа семіз әрі әдемі малды таңдау. Қойдың піштірілген қошқарын, қара ірі мал мен түйенің ұрғашысын бауыздаған абзал[1]. 

2. Мал иесінің өзі союы немесе жақсы соятын адамға тапсыру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың атынан құрбандық шалғанда, құрбандықтың алдында тұруды өтінген және бауыздап жатқан малдың бірінші қаны тамған бойда бұрынғы күнәларының кешірілетінін айтқан[2].

3. Малды бауыздап жатқанда дұға оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына дұғаны оқып, бауыздаған жақсырақ:

وجهت وجهي للذي فطر السماوات والأرض حنيفاً وما أنا من المشركين إن صلاتي ونسكي ومحياي ومماتي لله رب العالمين لا شريك له وبذلك أمرت وأنا من المسلمين

Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсұнып, ниет еттім. Мен Оған ешкімді серік қоспаймын. Менің намазым мен ғибадаттарым, расында, бүкіл әлемнің иесі – Алла Тағала үшін, өмірім мен өлімім де – Оның қалауында. Оның серігі жоқ. Мен соған бұйырылдым. Мен мұсылмандарданмын[3]. 

4. Құрбандық малды қинамай, алдын ала дайындалған өткір пышақпен жеңіл түрде бауыздау керек. 

Малды өтпейтін пышақпен қинап сою – мәкруһ. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды.

5. Айт күні таңертең тамақ ішпей, сойылған құрбандық етімен ауыз ашу – сүннет.

 

[1] Фәтәуа Бәззазия, 3/156.

[2] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[3] Мүслим риуаят еткен. 

Дүниеден озған адамның (марқұмның) атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ, мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиісті. Әли (Алла оған разы болсын) біреуін өзі үшін, екіншісін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) атап екі құрбандық шалған. Бұның себебін сұраған кісілерге ол: 

إن رسول اللَّه صلَّى اللَّه عليه وسلَّم أوصاني أن أضحّي عنه فأنا أضَحّي عنه 

«Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кеудемде жаным бар кезде Өзі үшін құрбандық шалуымды өсиет еткен»[1], – деп жауап берген.

Қайтыс болған адам үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.

Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.

 

[1] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

Шариғат бойынша бір адам өзінің атынан басқа бір адамды белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайларда бір істі орындауға жарамай қалуы мүмкін. Сонда біреудің көмегіне жүгінеді, яғни, сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді[1].

Бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға (одан Алла разы болсын) құрбандық сатып алуға тапсырыс берген оқиғасы дәлел.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизамға бір динар беріп, оны құрбандық малын сатып алуға жібереді. Әлгі сахаба бір динарға құрбандық малын сатып алады. Сосын оны екі динарға сатып жібереді. Сөйтіп, қайтады да, бір динарға құрбандық малын сатып алады. Артық бір динарды Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеп береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі бір динарды садақа етеді де, сахабаның саудасына береке тілейді[2].

Сондықтан, құрбандықты үйінен шықпай біреу арқылы орындауға  да болады. Яғни, құрбан шалуға ниет еткен адам өзіне бір сенімді адамды уәкіл етіп тағайындайды да оған құрбандықтың ақшасын беріп, малды сатып алуды, бауыздауды, етін бөлшектеп таратуды тапсыра алады. Шариғатта бұл қарым-қатынас «уакалат» деп аталады. Қазіргі таңда қала тұрғындарының осы тәсілмен құрбан шалуы тиімді әрі қолайлы.

Құрбандыққа тапсырыс беру, оны тіркеу, керекті мәліметтер және хабарламалармен бөлісу онлайн түрінде жүріп жатқаны үшін ол «онлайн-құрбандық» деп те аталуда.


[1] Һидая, 3/357.

[2] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері құрбан шалу дәулетті[1], муқим (жолаушы болмаған), азат мұсылманға – уәжіп. 

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Ендеше, Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»[2], – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمَ يُضَحِّ فَلاَ يَقرَبَنَّ مُصَلَّاَنَا

«Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын»[3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте:

 مَنْ ذَبَحَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَلْيَذْبَحْ شَاةً مَكَانهَا وَمَنْ لَمَ يَكُنْ ذَبَحَ فَلْيَذْبَحْ عَلَى اسْمِ اللَّهِ

«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын»[4], – делінген.

Сондықтан біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет[5].

Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.   

Ал Имам Юсуф пен Имам Мұхаммедтің бір көзқарасында және малики мен шафиғи мәзһабтарында құрбан шалу – сүннет. Олар дәлел ретінде мына хадисті көрсетеді:

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إذا رَأَيْتُمْ هِلالَ ذِي الحِجَّةِ وأَرادَ أحَدُكُمْ أنْ يُضَحِّيَ فَلْيُمْسِكْ عن شَعْرِهِ وأَظْفارِهِ

«Сендерден зұл-хижжә айын көріп, құрбан шалуды қалаған адам оның (құрбандықтың) жүні мен тұяғын ұстасын», – деген[6]. «Құрбан шалуды қалаған» деп айту шариғатымыздың бұл істі міндеттемейтінін білдіреді[7]. 

Сондай-ақ Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған үш нәрсе міндеттелді, ал сендер үшін нәпіл (ерікті құлшылық). Олар: үтір намазы, құрбан шалу және құрбан айт намазы», – деген[8].


[1] Дәулетті деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] Кәусар сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаят еткен.

[4] Мүслим риуаят еткен.

[5] Радд ул-мухтар, 9/454.

[6] Мүслим риуаят еткен.

[7] Фатху баб әл-ғиная, 3/284.

[8] Ахмад, Хаким риуаят еткен.

Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді[1].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إن أول ما نبدأ به في يومنا هذا أن نصلي ثم نرجع فننحر من فعله فقد أصاب سنَّتنا ومن ذبح قبل فإنما هو لحم قدَّمه لأهله ليس من النُّسُك في شيء

«Әлбетте осы күнде біздің ең алдымен бастайтын ісіміз – ол намаз оқу. Кейін қайтып, құрбандық шаламыз. Кім солай істесе, ол біздің сүннетімізді орындапты. Кім одан алдын малды бауыздаса, ол өз отбасын жәй етпен қамтамасыз етіпті. Ғибадат болып есептелмейді», – деді[2].

Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, ал айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. 

Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.

Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады[3]. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүрінде орындалатын «шектік рәсімі» осыған ұқсас.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген[4]. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал[5].


[1] Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи, 216.

[2] Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаят еткен.

[3] Радд ул-мұхтар, 6/319.

[4] Фәтху бәб әл-ғиная, 3/76.

[5] Китаб әл-ихтияр, 4/260.